Размер шрифта: больше или меньше

Положение

Ұйғыр аудандық мәслихатының
2016 жылғы «01» сәуірдегі
№6-1-11 шешімімен бекітілген
 
 
Қоғамдық кеңес туралы ереже
 
1. Жалпы ережелер
 
1. Осы Қоғамдық кеңес туралы ереже (бұдан әрі – ереже) «Қоғамдық кеңестер туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді.
2. Қоғамдық кеңес коммерциялық емес ұйымдармен, азаматтармен бірлесіп жергілікті мемлекеттік басқару органдары құратын консультативтік-кеңесші, байқаушы орган.
3. Қоғамдық кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, оған сәйкес заңдарды, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
 
2. Қоғамдық кеңесті қалыптастыру
 
4. Қоғамдық кеңес Заңмен көзделген тәртіппен қалыптастырылады.
5. Қоғамдық кеңес автономды және дербес болып табылады. Қоғамдық кеңестер арасындағы өзара іс-қимыл Заңда көзделген тәртіппен іске асырылады.
6. Қоғамдық кеңес жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестерге жатады.
7. Қоғамдық кеңестегі азаматтық қоғам өкілдерінің саны оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісін құрауға тиіс.
 
3. Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшелерін іріктеу тәртібі, оны өткізу мерзімі
 
8. Қоғамдық кеңесті мемлекеттік органдардың өкілдерінен және конкурстық негізде – коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерінен, азаматтардан тұратын жұмыс тобы (бұдан әрі – жұмыс тобы) қалыптастырады.
Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидатураларды коммерциялық емес ұйымдар, азаматтар ұсынуы, оның ішінде адамдардың өзін-өзі ұсынуы мүмкін.
9. Жұмыс тобының құрамында мемлекеттік органнан өкілдік ету жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының үштен бір бөлігінен аспауы тиіс. Аталған өкілдіктің дербес құрамын мемлекеттік органның басшысы өзі дербес айқындайды. Бұл кезде мемлекеттік органның басшысы Қоғамдық кеңесте қаралатын мәселелердің басымдығына сүйенуге тиіс.
10. Жұмыс тобының құрамында азаматтық қоғамнан өкілдік ету жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екі бөлігін құрайды және коммерциялық емес ұйымдардың, азаматтардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылады.
11. Жұмыс тобының сандық құрамын жергілікті өкілді органның басшысы айқындайды.
12.Жергілікті өкілді орган жұмыс тобының мүшелерін сайлау туралы конкурсты өткізу туралы хабарландыруды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды және (немесе) мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастырады.
13. Коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері және азаматтар конкурс туралы хабарландыру жарияланғаннан кейін 10 күн мерзімде жергілікті өкілді органға жазбаша түрде жұмыс тобына кандидатуралар бойынша ұсыныстарын жібереді.
Өзінің ұсыныстарын жіберген әрбір коммерциялық емес ұйым және әрбір азамат бір ғана кандидат ұсына алады.
14. Азаматтық қоғамнан жұмыс тобына кандидаттарға Заңның 10-бабының 1-тармағына сәйкес талаптар қойылады.
15. Жергілікті өкілді орган конкурс мерзімі аяқталған соң келіп түскен ұсыныстардың негізінде жұмыс тобына кандидаттар тізімін әзірлейді және екі апта мерзімде жұмыс тобына кандидаттарды, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері мен азаматтарды шақыра отырып отырыс ұйымдастырады.
16. Жергілікті өкілді органның басшысы (бұдан әрі – жұмыс тобының басшысы) отырысты ашады және жүргізеді.
17. Отырыста коммерциялық емес ұйымдар мен азаматтар ұсынған кандидатураларды талқылау жүргізіледі. Кандидатураларды талқылау қорытындысы бойынша ашық дауыс беру жүргізіледі. Отырысқа келмеген кандидатуралар бойынша дауыс беру жүргізілмейді. Ең көп дауыс жинаған кандидаттар жеңімпаз болып табылады. Тең дауыс санын жинаған кандидатуралар бойынша жұмыс тобы басшысының даусы шешуші болып есептеледі.
18. Жұмыс тобының құрамы мемлекеттік орган басшысының шешімімен бекітіледі. Жұмыс тобының басшысы оның мүшелері қатарынан хатшыны тағайындайды.
19. Жұмыс тобының құрамы мемлекеттік органның, жергілікті өкілді органның ресми интернет-ресурсында жарияланады.
 
4. Жұмыс тобының өкілеттіктері
 
20. Жұмыс тобы мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:
1) тұрғындарды Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау жөніндегі конкурс туралы хабардар етеді;
2) Қоғамдық кеңес мүшелерінің сандық құрамын айқындайды;
3) Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау рәсімін өткізеді.
 
5. Жұмыс тобының отырыстарын дайындау және өткізу
 
21. Жұмыс тобының отырыстары өткізілгенге дейін кемінде бес жұмыс күні қалғанда хатшы жұмыс тобының мүшелерін оның өткізілу уақыты, орны, талқыланатын мәселелер туралы құлақтандырады.
22. Жұмыс тобының отырысы оның тізімдік құрамының үштен екісі қатысқан кезде заңды болып табылады.
23. Жұмыс тобының отырыстарын жұмыс тобының басшысы жүргізеді.
24. Жұмыс тобының отырыстарында шешімдер ашық дауыс беру жолымен қатысып отырған мүшелерінің көпшілік дауыс беруі арқылы қабылданады.
25. Жұмыс тобының отырыстарында хаттама жүргізіледі, оған төраға мен хатшы қол қояды.
26. Жұмыс тобы Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау жөніндегі конкурс туралы хабарламаны бұқаралық ақпарат құралдарында және (немесе) мемлекеттік органның интернет-ресурсында оның атауын, пошталық мекенжайын, құжаттарды тапсыру мерзімдерін, құжаттар және өзге де мәліметтер жіберілетін электрондық пошта мекенжайын көрсете отырып және Заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес өзге де мәліметтерді жариялайды.
27. Жұмыс тобы отырыстарда Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидаттар конкурсына қатысу үшін келіп түскен құжаттарды талқылауды және әрбір кандидат бойынша ашық дауыс беруді жүргізеді.
28. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын бір заңды тұлғадан Қоғамдық кеңеске бір ғана өкіл сайлануы мүмкін.
29. Құрылған Қоғамдық кеңес құрамы жергілікті өкілді органнның шешімімен бекітіледі және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға және (немесе) тиісті органның интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.
30. Қоғамдық кеңестің бірінші отырысын жұмыс тобының басшысы ашады, ашық дауыс беру арқылы Қоғамдық кеңестің төрағасы, хатшысы және төралқаның бүкіл құрамы сайланады.
31. Қоғамдық кеңес төрағасы, хатшысы, төралқасы сайланған соң жұмыс тобының және оның төрағасының өкілеттіктері тоқтатылады.
 
6. Қоғамдық кеңестің отырыстарын өткізу шарттары мен тәртібі
 
32. Қоғамдық кеңестің әрбір отырысының алдында қатысып отырған Қоғамдық кеңес мүшелерін тіркеу жүргізіледі, оның нәтижесін кеңес төрағасы отырыс басталардан бұрын жария етеді.
33. Қоғамдық кеңестің төрағасы қоғамдық кеңестің отырысын шақыру уақыты мен оның өткізілетін орны, сондай-ақ отырыстың қарауына енгізілетін мәселелер туралы қоғамдық кеңес мүшелеріне және әкімге оттырысқа кемінде он күн қалғанда хабарлайды.
34. Қоғамдық кеңестің төрағасы отрыстың қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды Қоғамдық кеңестің мүшелеріне және әкімге отырысқа кемінде бес күн қалғанда табыс етеді.
35. Қоғамдық кеңес отырысының күн тәртібін Қоғамдық кеңес жұмысының перспективалы жоспарының, кеңестік комиссиялары мен кеңес мүшелері ұсынған мәселелердің негізінде қоғамдық кеңестің төралқасы қалыптастырады.
36. Қоғамдық кеңес отырысының күн тәртібіне ұсыныстарды қоғамдық кеңестің төралқасына жергілікті қоғамдастықтың жиналыстары, қоғамдық ұйымдар ұсынуы мүмкін.
37. Қоғамдық кеңес отырысының күн тәртібін талқылау барысында ол толықтырылуы және өзгертілуі мүмкін.
38. Күн тәртібі бойынша дауыс беру әрбір мәселе бойынша жеке өткізіледі. Егер мәселеге Қоғамдық кеңес мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе, ол күн тәртібіне енгізілді деп есептеледі.
39. Қоғамдық кеңес отырысына енгізілетін мәселелерді сапалы дайындау үшін отырыс хатшысы сессияны дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді уақтылы ұйымдастырады, оны Қоғамдық кеңесінің төралқасымен келісім бойынша отырыс төрағасы бекітеді.
40. Қоғамдық кеңестің отырыстары Қоғамдық кеңестің төрағасы айқындаған уақытта өткізіледі.
41. Қоғамдық кеңестің төрағасы өз бастамасы бойынша немесе Қоғамдық кеңес мүшелерінің дәлелді ұсыныстары бойынша үзілістер жариялай алады. Қоғамдық кеңес отырысының соңында Қоғамдық кеңес мүшелеріне қысқа мәлімдемелер немесе хабарламалар жасау үшін уақыт беріледі, олар бойынша жарыссөз ашылмайды.
42. Қоғамдық кеңестің отырыстарында баяндамалар, қосымша баяндамалар, жарыссөзде сөйлеу үшін және отырыстарды өткізу тәртібі бойынша, дауыс беру, анықтамалар мен сұрақтар үшін сөз сөйлеу регламентін Қоғамдық кеңес мүшелері айқындайды. Баяндамашылар мен қосымша баяндамашыларға сұрақтарға жауап беру үшін уақыт бөлінеді. Егер сөз сөйлеуші бөлінген уақыттан асып кетсе, отырыс төрағасы оның сөзін тоқтатады немесе отырысқа қатысып отырған кеңес мүшелері көпшілігінің келісімімен сөз сөйлеу уақытын ұзартады.
 
7. Шешімдерді қабылдау тәртібі
 
43. Қоғамдық кеңестің отырыстарында шешімдер ашық дауыс беру жолымен қатысып отырған мүшелерінің көпшілік дауыс беруі арқылы қабылданады.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2017. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.